ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕРІ

АЙБОЗ»
ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕРІ
 
І - бөлім
Ұлттық сыйлықты ұйымдастыру
 
1.1. Ұлттық сыйлықтың мақсаты
Қаламгерлерге және баспагерлерге жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсету – уақыт талабы. Қазақ әдебиетінің тұғырын нықтап, өз биігіне қайта көтерілуіне ықпал ету қажет. «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын (әрі қарай – Ұлттық сыйлық) ұйымдастырудағы негізгі мақсат – осы. Қаламгерлердің еңбегін насихаттау, бағыт беру және олардың шығармашылық жұмыстарының жарық көруіне материалдық қолғабыс тигізу мақсатында ұйымдастырылып отырған ұлттық сыйлыққа қалам ұстаған әрбір қазақстандық қатыса алады.
1.2. Қатысушыларға қойылатын шарттар
Ұлттық сыйлыққа қатысу үшін автор мен шығарма төмендегі шарттарға сәйкес болуы тиіс:
- жас шектеуі қойылмайды;
- ұлттық сыйлыққа жіберілетін шығармалардың бұрын-соңды еш жерде жарияланбағаны қадағаланады;
- жіберілген шығармалардың мазмұнына баса мән беріледі;
- тақырыптардың өзектілігі басты назарға алынады;
- ұлттық сыйлық жарияланған күннен бастап шығармалар қабылданады;
- қабылдау уақыты аяқталғаннан кейін келіп түскен шығармалар ұлттық сыйлыққа қатысушы ретінде тіркелмейді;
- қатысушы шығармасымен бірге өзі туралы ақпарат (1 беттен аспауы тиіс) және суретін (сапалы) қоса жіберуі тиіс;
- шығармалар Word бағдарламасында (14 кегль, Times New Roman) жазылуы тиіс;
- авторлар осы шарттарды түгел орындаған кезде ғана қатысушы ретінде тіркеледі.
 
1.2.1. «Үздік кітап дизайны» номинациясы бойынша қатысушыларға қойылатын талаптар
- баспа мекемелері ұлттық сыйлыққа қатысу үшін ұсынылатын кітаптың 4 данасын ұйымдастыршы тарапқа жеткізіп беруі тиіс;
- ұлттық сыйлықта кітаптардың дизайнының ұтымдылығына, көркем безендірілуіне және иллюстрациялардың ерекшелігіне назар аударылады.

ІІ – бөлім
Ұлттық сыйлықты өткізу
 
Ұлттық сыйлыққа материал қабылдау 15 маусымнан басталады. 1 қазан күні шығармаларды қабылдау тоқтатылады. Қараша айының соңында жеңімпаздар анықталып, Тәуелсіздік күні қарсаңында марапатталады.
 
2.1. Ұлттық сыйлық жеңімпаздарының қорытындысын шығару
ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы ұлттық сыйлыққа қатысушылардың еңбектерін толық жинақтап, қабылданған шығармаларды жазушылардан, ғалымдардан, мемлекет және қоғам қайраткерлерінен құралған қазылар алқасына береді. Олар сараптап, жүлдегерлерді анықтайды. Жүлдегерлер тізімі Мәдениет және спорт министрлігінің, Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің және ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ресми сайтында жарияланады.
 
2.2. Қазылар алқасы және бағалау критерийлері
Ұлттық сыйлыққа төрелік етуге номинациялар бойынша: ақындар, жазушылар, аудармашылар, драматургтер, баспагерлер шақырылады. Ұлттық сыйлық әділдігін сақтау үшін қазылар алқасы туралы ақпарат ұлттық сыйлық қорытындысы шыққанша таратылмайды.
Қазылар алқасының мүшелері шығармаларды келесі критерийлер бойынша бағалайды:
  • Көркемдік деңгейі;
  • Тіл тазалығы;
  • Сөздік қорының байлығы;
  • Стиль қалыптастыру;
  • Тақырып өзектілігі;
  • Мазмұн тереңдігі;
  • Тарихи әділдігі.
 
Баспа мекемелері ұсынған кітаптар келесі критерий бойынша бағаланады:
  • Дизайн ерекшелігі;
  • Иллюстрациялық ерекшеліктер;
  • Көркемдік безендірілуі.
 
Осы критерийлерге жан-жақты сай келген шығармалар номинациялар бойынша жеңімпаз атанады. Әр номинация бойынша жеңімпаз шығарма саны бірден аспайды. Қазылар алқасының шешімі талқыланбайды және қайта қаралмайды. Қазылар алқасының ұйғарымымен жүлдегер атанған шығармалар мен авторлар салтанатты түрде марапатталып, сыйлықтары табыс етіледі.

ІІІ – бөлім
Ұлттық сыйлықты қорытындылау
 
Ұлттық сыйлықты өткізудегі негізгі мақсат – ақын-жазушыларды, драматургтер мен аудармашыларды, баспагерлерді қолдау, ынталандыру. Көзделген мақсат түгел орындалу үшін жеңімпаз атанған авторлардың ұлттық сыйлыққа қатысқан шығармаларын жеке кітап ретінде шығарып беру жоспары жүзеге асырылады.

Ұлттық сыйлық қорытындыланатын салтанатты марапаттау рәсімінен бұрын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ресми интернет-ресурстарында және әлеуметтік желілердегі парақшаларында әр номинация бойынша Қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған әлеуетті шығармалардың қысқаша тізімі (Short List) жарияланады. Қысқаша тізімге енетін авторлар саны 10 автордан аспайды.
 
3.1. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі
Ұлттық сыйлық жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Бұл шараға ұйымдастырушы тарап, белгілі жазушылар, ақындар, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысып, жүлдегерлерді құттықтайды және сыйлықтарын табыс етеді.
 
3.2. Ұлттық сыйлықты және қатысушыларды насихаттау
Ұлттық сыйлықтың өткізілу барысы туралы ақпарат ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында беріліп отырады. Жүлдегерлерді салтанатты түрде марапаттау рәсімі түгел таспаға жазылып, отандық телеарналардан, әлеуметтік желідегі парақшалардан көрермен назарына ұсынылады. Сонымен қатар, ұлттық сыйлық туралы бірқатар апталық газет-журналдарға мақалалар басылады.
 
3.2. Кітап шығару
Ұлттық сыйлық қорытындысында жеті номинация бойынша жеңімпаз атанған әрбір жүлдегердің ұлттық сыйлыққа қатысқан еңбегі 500 дана таралыммен кітап болып басылып шығады.

Тапсырыс беру
Онлайн нысанды толтырыңыз және кеңес алыңыз
Біздің қызметкер Сізге хабарласады.
Aiboz.KZ© 2022. Айбоз - Барлық құқық қорғалған. Техникалық қолдау +77075327722